Нархоз университеті

IMG

Нархоз Университеті – болашақ экономистер мен қаржыгерлерді, аудиторлар мен бухгелтерлерді, маркетологтар мен заңгерлерді, сондай-ақ мемлекеттік басқару, цифрлық технологиялар, қонақ үй бизнесі және туризм саласындағы мамандарды даярлайтын жеке меншік оқу орны. Университет Алматы қаласында орналасқан және білім беруді бакалавриат, магистратура, докторантура деңгейлерінде қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жүргізеді.

"Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасының рейтингі бойынша Нархоз еліміздегі үздік он (топ-10) ЖОО тізіміне кіреді және университеттің жекелеген бағдарламалары рейтингте ІІ-ІV орындарда тұр. Сондай-ақ Нархоз түлектері PWC, E&Y, KPMG және Deloitte, яғни "Big 4" компанияларында жоғары сұранысқа ие топ-5 университеттердің қатарында.

Нархоздың білім беру бағдарламаларын АССА және CIMA қауымдастықтары “жақсы” деп таныған, сәйкесінше Нархоз түлектері халықаралық сертификатқа қол жеткізуде біраз артықшылықтарға ие. Мәселен, қосымша емтихандарды тапсырудан босатылады.

Нархоз университеті әлемнің 33 елінде орналасқан 70-тен астам халықаралық компаниямен серіктестік орнатқан. Студенттерді Coventry University (Ұлыбритания) мен La Rochelle Excelia Group (Франция) бірлесе отырып, қос диплом бағдарламасы бойынша да оқытады.

Оқу орнының білім беру бағдарламалары жұмыс берушілермен бірлесе отырып және еңбек нарығындағы қазіргі сұраныстарға бейімделіп жасалған. Нархоз түлектерінің 80%-ы оқуды аяқтаған соң, 6 ай ішінде жұмысқа орналасады. Жұмыс іздестіру орташа есеппен бір жарым ай уақытты алады.

Университет "Верный Капитал" тобына кіретін компаниялармен тығыз жұмыс жасайды. Мәселен, Rixos Borovoe және The Ritz-Carlton, Astana қонақ үйлерімен бірлесіп, студенттерге дуалды оқыту бағдарамасы бойынша білім береді. Нархоздағы білім алушылар ForteBank және Beeline Қазақстанда ақысы төленетін тағылымдамадан өтіп жатыр.

Университетте бес жоғары мектеп (Экономика және менеджмент жоғары мектебі; Цифрлық технологиялар жоғары мектебі; Жоғары гуманитарлық мектеп; Құқық және мемлекеттік басқару жоғары мектебі, Бизнес жоғары мектебі) және үш ғылыми-зерттеу институты (Жібек жолы бойынша кейстер орталығы; Еуразиялық экономикалық-құқықтық зерттеулер орталығы; Тұрақты дамуды зерттеу институты) жұмыс істейді. Нархоз меншігінде үш корпус, бассейні бар фитнес-орталық, футбол стадионы, студенттерге арналған жатақханалар бар. Айта кетерлігі, қазіргі уақытта университеттің бас ғимаратында толық жөндеу және құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бас корпустың ашылуы 2022 жылға жоспарланған.

Бүгінде Нархоз – шамамен 60 жылдық тарихы бар, тұрақты дамып келе жатқан жоғары оқу орны, университет түлектері елімізде және өзге мемлекеттерде экономиканың түрлі секторларында жұмыс істейді.

InstagramFacebookYouTube

Поделиться
Класснуть