Talan Towers ТМД-дағы алғашқы TESLA Supercharger зарядтау станцияларының тұсауын кесті

2019 жылдың 13 қарашасында Нұр-Сұлтан қаласында Leadership in Energy and Environmental Design (LEED®) халықаралық жүйесінің жасыл құрылыс стандарттары бойынша GOLD санатында салынған Talan Towers кешенінде алты TESLA Supercharger аса жылдам зарядтау станцияларының ресми ашылуы өтті.

Көпфункционалды Talan Towers кешені ТМД кеңістігіндегі TESLA электрмобильдерінің иелеріне ең заманауи инфрақұрылымды ұсынатын алғашқы объектіге айналды. Іс-шараға «Верный Капитал» компаниялар тобының бас директоры Ерлан Оспанов, TESLA өңірлік менеджері Денис Шенмейкерс (Dennis Schoenmakers), сондай-ақ БАҚ өкілдері, серіктестер мен қонақтар қатысты. Спикерлер өз сөздерінде TESLA Supercharger зарядтау станцияларының энергия тиімділігі мен экологиялылығы мәселелеріне, сондай-ақ Қазақстанда электр көлігіне арналған «жасыл» инфрақұрылымды алға жылжыту бойынша алдағы жоспарларға ерекше назар аударды. Естеріңізге сала кетейік, 2019 жылдың маусым айында TESLA компаниясының негізін қалаушы Илон Маск Қазақстанда TESLA Supercharger электр қуатын толтыру станцияларын салса жақсы болар еді деп мәлімдеген еді: «Қазақстан...Іс жүзінде бізді Қазақстанда өте қолдайды. Бәлкім, бізге ... Біз Қазақстанда суперчарджерлер саламыз!» деп уәде берген болатын.

«Біз Илон Масктың уәдесіне жедел жауап қайтардық. Және, әрине, TESLA Supercharger-ін дәл Talan Towers-та ашу қажеттігіне күмәніміз болған жоқ. Кешенді салу идеясының өзі қоршаған ортаға ұқыпты қарау және жұмыс пен демалыс үшін қолайлы жағдайларды қалыптастыру болатын. Бұдан электр көліктерінің иелері ғана емес, сондай-ақ барлық қала тұрғындарының да ұтатынына сенімдіміз, себебі мұндай зарядтау станцияларының пайда болуы – болашақта экологиялық елорда үшін инфрақұрылым құру. Электрмобиль атмосфераға зиянды заттардың шығарылуын азайтып, ауаны таза етуге көмектеседі. Біз дәл Talan Towers-тың Қазақстанда жасыл технологияларды дамыту жағынан алдыңғы қатарда тұрғанына қуаныштымыз», - деді «Верный Капитал» компаниялар тобының бас директоры Ерлан Оспанов.

TESLA Supercharger аса жылдам зарядтау станциялары Talan Towers, The Ritz-Carlton, Astana қонақ үйлерінің барлық қонақтары мен келушілері, сондай-ақ Нұр-Сұлтан қаласының барлық тұрғындары мен қонақтары үшін қолжетімді болады. Төрт TESLA Supercharger зарядтау станциясы The Ritz-Carlton, Astana қонақ үйлерінің жанындағы тұрақта, тағы екеуі – Р1 деңгейіндегі жер асты паркингінде орналасқан. Олардың көмегімен TESLA Model S, Model X және Model 3 электрмобильдерін санаулы минут ішінде толық зарядтауға болады. Осылайша, Supercharger TESLA автокөлігін 20 минут ішінде жартылай және 40 минут ішінде 80 %-ға зарядтай алады. Сонымен қатар, P1 деңгейінде TESLA электрмобилін сегіз сағат ішінде зарядтауға қабілетті төрт Destination chargers зарядтау станциялары да қолжетімді. Олар объектіге ұзақ уақытқа келген клиенттерге арналған. TESLA Supercharger және Destination chargers зарядтау құрылғылары автомобилдердің сенсорлық экрандарында орналасқан Google Maps карталарынан көрінеді.

Поделиться
Класснуть