Михаил Дорофеев 31-арнада "Информбюро" бағдарламасының бас редакторы болып тағайындалды

31-арнадағы "Информбюро" бағдарламасы және informburo.kz ақпараттық-талдау интернет-порталы Михаил Дорофеевтің жетекшілігімен бірыңғай редакцияны құрады.

Белгілі қазақстандық журналист Михаил Дорофеев 31-арнадағы "Информбюро" бағдарламасының бас редакторы болып тағайындалды. Сонымен қатар ол informburo.kz ақпараттық-талдау интернет-порталының бас редакторы қызметінде қалады. Бұл тағайындау эфирлік теледидар мен digital-орта үшін ақпараттық контент өндіретін бірыңғай редакцияны құру үдерісін жеделдетуге арналған.

- Біздің командамызға Михаил Дорофеев қосылғанына қуаныштымын. Қазақстандық журналистер оны түрлі медиада - теледидарда, баспасөзде және интернет-БАҚ-та мол тәжірибесі бар маман ретінде біледі, - деді бұл тағайындау жөнінде 31-арнаның бас директоры Юрий Бродский. - Оның басшылығымен құрылған informburo.kz жобасы қысқа мерзімде елдегі ең беделді интернет-басылымдардың біріне айналды. Михаил Дорофеевтің білімі мен тәжірибесі бізге екі жобаның синергиясын қамтамасыз етуге және дәстүрлі, сондай-ақ жаңа бұқаралык ақпарат құралдары үшін ақпараттық өнім жасайтын мультиплатформалық ақпарат агенттігін құруға мүмкіндік беретініне сенімдімін.

Юрий Бродский "Информбюро" ұжымына жаңа бас редакторды таныстыра отырып, редакция толық құрамда сақталатынын, редакциялық саясат пен бағдарламаның форматы бұрынғысынша қалатынын атап өтті.

Informburo.kz жобасы 2015 жылдан бастап "31-арнамен" әріптестікте іске асырылып келеді. Интернет-порталдың атауы Қазақстандағы көне ақпараттық бренд – "Информбюро" телевизиялық жаңалықтар бағдарламасының құрметіне берілді. Сол кезде екі жобаның инвесторы – "Верный Капитал" компаниялар тобы – екі редакцияны біртіндеп біріктіру міндетін қоятынын мәлімдеді.

– Әр жылдары "Информбюро"-ны қазақстандық телевизиялық журналистиканың тарихына аттары жазылған ең танымал редакторлар басқарды, сондықтан бұл тағайындау мен үшін құрметті де жауапты, – деп мәлімдеді Михаил Дорофеев. – Жаңа міндет - біріккен редакция құру - өте күрделі және қызықты болмақ. Бұл істі абыроймен атқаратынымызға сенімдімін, себебі 31-арнадағы "Информбюро"-да және informburo.kz жобасында заманауи талаптарға тез бейімделетін, өз жұмысын кәсіби орындайтын тамаша журналистер жұмыс істейді.

Алдағы бірігу үдерісіне түсініктеме бере отырып, Михаил Дорофеев бірінші кезеңде екі редакцияны тығыз үйлестіру жалғасын табатынын, мультимедиалық ақпараттық контентті бірлесіп өндіру басталатынын, мәтіндік форматтарды теледидарлық форматтарға және теледидарлық форматтарды мәтіндік форматтарға айналдыру, сонымен қатар журналистерді қайта оқыту үдерісі жолға қойылғанын атап өтті. Informburo.kz порталының редакциясы соңғы үш жылда ұстанған конструктивті журналистиканың қағидаттарына сай өнім шығара отырып, жұмысын бұрынғы құрамда жалғастырады.

31-арнадағы "Информбюро" телевизиялық жаңалықтар бағдарламалары арасында екінші орынға ие. Informburo.kz ақпараттық-талдау порталы Қазақстанның ең танымал интернет-басылымдарының үштігіне кіреді.

Михаил Дорофеевтің Қазақстанның БАҚ-та 25 жылдық жұмыс тәжірибесі бар. Атырау облысы жергілікті БАҚ, одан кейін республикалық БАҚ - КТК телеарнасында, "Экспресс К", "Город" және "Мегаполис" газеттерінде (бас редактордың орынбасары ретінде) жұмыс істеген. Республикалық телеарналарда менеджерлік қызметтерде болды, оның ішінде "Астана қ. теледидары" ЖШС Бас директоры және "Эра" телекомпаниясы" ЖШС Бас продюсері болып жұмыс істеді. Әр жылдары "Портрет недели" (КТК), "Формула личности" (Қазақстан, Астана-ТВ), "Тема" ("Астана" телеарнасы), "Ашық диалог" ("Хабар") телевизиялық бағдарламаларының жүргізушісі болды. ҚР Президентінің БАҚ саласындағы Сыйлығының лауреаты (2018 ж.), Қазақстан Журналистика академиясының академигі.

Поделиться
Класснуть