Өтемұратов Тоқаевқа Ботаникалық бақты қайта жаңартудан кейін көрсетті: «Бұл біздің Алматыға сыйлығымыз, бақ мемлекет меншігінде қалады»

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыдағы жұмыс сапары аясында Бас ботаникалық баққа барып қайтты. Мемлекет басшысы ботаникалық бақты қайта жаңарту нәтижелерімен танысты.

Жобаға 2018 жылы Ботаника және фитоинтродукция институтының сұратымы бойынша Болат Өтемұратов қоры бастамашылық етті. Жобаның мақсаты ботаникалық бақты, оның аумағының тұтастығы мен өзіндік ерекшелігін сақтай отырып, қалпына келтіру, инфрақұрылымын жаңғырту және жасыл қорды көбейту болды.

Жобаның жалпы құны 15 млн долларды құрады. Оны жүзеге асыруға «Верный Капитал» компаниялар тобының үздік басқарушылары тартылды.

Ботаникалық бақтың ерекше мәртебесін және қайта құру жобасына деген қоғамның жоғары қызығушылығын назарға ала отырып, Болат Өтемұратов қоры жаңғырту басынан оның толық ашықтығы мен айқындығын қамтамасыз етті. 2018 жылдың жазында бақты қайта құру тұжырымдамасы мен шеберлік-жоспары қоғамдық тыңдаулар барысында ұсынылды. Тыңдауларға қатысушылардың ұсыныстары мен тілектері ескеріліп, сол жылдың күзінде бақты қайта құрудың эскиздік жобасы ұсынылды.

Жобаны іске асыру барысында БАҚ, қоғамдық және экологиялық белсенділердің қатысуымен төрт баспасөз туры өткізілді. Өткен жылы, құрылыс жұмыстары басталар алдында, жобаның жекелеген құрамдас бөліктерінің (қоршаулар, жылу желілері, инженерлік желілер, өзендердің бас тоғаны, абаттандыру, кіріс павильондар) қоршаған ортаға әсерін бағалау бойынша алты кезеңдік қоғамдық тыңдаулар өткізілді.

Белсенді қала тұрғындары арасынан жобаның іске асырылу барысын бақылау үшін қоғамдық бақылау тобы құрылды, сондай-ақ ботаникалық бақ аумағындағы жұмыстарға қатысқан еріктілер тобы құрылды.

Болат Өтемұратов Қоры БАҚ арқылы, сондай-ақ Facebook және Instagram әлеуметтік желілерінде арнайы парақшаларда қайта құру барысы туралы тұрақты түрде хабарлайды, онда кез келген пайдаланушы өз пікірін қалдырып, сұрақ қоя алады.

Жоба жүзеге асырылған бір жыл ішінде баққа электрондық билет жүйесі бар үш жаңа кіріс павильоны салынды. 174,3 мың өсімдік, оның ішінде 1300-ден астам ағаш, 40 мың бұта, 130 мың астық тұқымдастар мен көпжылдық шөп, 3000 раушан гүлі егілді.

Сумен жабдықтау жүйесі қалпына келтірілді, тамшылатып суару және автоматты суару жүйелері құрылды, осының арқасында баққа тәулігіне қосымша 2760 текше метр су беріледі.

Ботаникалық бақтың қоғамдық аймақтары абаттандырылып, ауданы 27,7 га-ға дейін кеңейтілді, 50 шаршы метр жолдар мен соқпақтар жөнделді, олардың бойына жарықтандыру (1500 шам) және бейнебақылау (130 камера) жүйелері орнатылды, бақ жиһазы (250 орындық) жаңартылды.

Солтүстік партерде жол жабыны табиғи тасқа ауыстырылды, құрғақ фонтаны бар және су өсімдіктері егілген су айдыны салынды. Бос алаңқай орнына үш тоған, пергола, түрлі шөптер алқабы, үйеңкі, жөке, қайың және қарағай аллеялары бар оңтүстік партер құрылды.

Ботаникалық бақтың картасы мен жасыл қордың сипаттамасы бар мобильді қосымша әзірленді. Қозғалысы шектеулі топтарға ботаникалық бақтың барлық аймақтарының қолжетімді болуына ерекше көңіл бөлінді – арбалар үшін ыңғайлы пандустар, тактильді жолдар салынды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жұртшылық пен сарапшылар қауымдастығының тікелей қатысуымен жүзеге асырылған жеке қайырымдылық бастамасын оң бағалады.

Қайырымдылық қорының құрылтайшысы Болат Өтемұратов мемлекет басшысына көңіл бөліп, жоғары баға бергені үшін алғысын білдірді.

«Жасыл бақтың қорын сақтап қана қоймай, оны жаңа коллекциялармен байыта отырып, көбейту мақсатында, біз бұл жобаны жүзеге асыруға үлкен жауапкершілікпен қарадық. Қалпына келтіру кезіндегі ұқыпты қатынас пен озық технологияларды пайдалану – біз басшылыққа алған екі негізгі қағидат. Біз бұл жобаға жанымыз бен жүрегімізді салдық, жаңартылған ботаникалық бақтың алматылықтарға ұнауы үшін қолдан келгеннің бәрін жасадық. Бұл - біздің қалаға жасаған риясыз сыйымыз, ол мемлекет меншігінде қалады және ғылыми қызметін жалғастырады», – деді Болат Өтемұратов.

Дереккөз: Informburo.kz

Поделиться
Класснуть