Ольга Абдрахманова: Ауқымды ойлау - бұл дұрыс тәсіл

«Верный Капитал» компаниялар тобының Бас директорының корпоративтік байланыстар жөніндегі орынбасары Ольга Абдрахманова Visa және Forbes Kazakhstan бірлескен жобасының жаңа шығарылымының кейіпкері болды.

Forbes.kz Ольга Абдрахманованың сайттың бас редакторы Анастасия Новиковамен әңгімесінің қысқартылған нұсқасын жариялайды.

F: Ольга, «Верный Капитал» компаниялар тобы - бұл көптеген активтері бар өте үлкен топ. Әрине, Сізде көптеген міндеттер бар. Сіздің міндеттеріңіздің ауқымымен бөліссеңіз.

- Мен «Верный Капитал» компаниялар тобы Бас директорының орынбасары лауазымында екі рөлді қоса атқарамын: біріншісі - Chief Communication Officer немесе коммуникациялар жөніндегі басқарушы директор және салалық менеджер. Мен топтың әлеуметтік, медиа және білім беру жобаларына жетекшілік етемін. Акционердің беделдік менеджменті мәселелерімен айналысамын және активтеріміздің беделіне жетекшілік етемін.

F: Әлеуметтік жобалар туралы толығырақ тоқталсаңыз.

- Бұл - Болат Өтемұратов Қорының жобалары және Қазақстан теннис федерациясының қызметін әйгілеу.

«Аутизм - баршаға ортақ әлем» бағдарламасы зәкірлі жоба болып табылады. Бұл - бүкіл Қазақстан бойынша аутизм орталықтарының ашылуы (қазір олардың саны 9). Бұл орталықтар аутизм ауруына шалдыққан балаларға әлеуметтенуге, өмірге бейімделуге көмектеседі. Тағы бір жоба – Алматы қаласының Бас ботаникалық бағын қайта құру - ол өткен жылы аяқталды.

Біз сондай-ақ көптеген гранттық жобаларды жүргіземіз, мысалы, Батырхан Шөкенов атындағы қормен жоба. Сондай-ақ, АРДИ - БЦС шалдыққан балалардың ата-аналар қауымдастығына қолдау көрсетеміз, халықтың осал топтары үшін үйлер саламыз: біз Мырзакентте су тасқынынан кейін, Арыс қаласында техногендік апаттан кейін үйлер салдық. Сондай-ақ Қызылордада көп балалы отбасылар үшін үйлер тұрғыздық. Бұл жобаны біз «Баламекен» деп атаймыз.

Сонымен қатар, біз Қызыл жарты аймен бірге ForteBank-пен серіктестікте «көмек карталарын» тарату арқылы су тасқынынан зардап шеккен халыққа көмек көрсету жобасын жүргіземіз.

F: Сіз осы қызметіңізге қалай келдіңіз?

- Жалпы, мен мақсатты түрде әрі уақтылы келдім деп ойлаймын. Білімім бойынша экономистпін, ауыл шаруашылығы институтын «аграрлық сектордағы экономика» мамандығы бойынша бітірдім. Мен 90-шы жылдардың, барлығы экономист және заңгер болуға ұмтылған кезеңнің өкілімін, бірақ ешқашан мамандық бойынша жұмыс істеген емеспін, себебі мені бірден PR саласы баурап алды. Бұл - 1999 жыл, ол кезде ешкім Public Relations, қоғаммен байланыс деген не екенін білмейді, соның ішінде мен де бейхабар болдым.

Бірақ мен елорданың алғашқы бес жұлдызды қонақ үйіне жұмысқа орналасып, жұмыс барысында оның қыр-сырын түсіне бастадым, learning-by-doing әдісімен оқыдым. Онда мен 5 жыл жұмыс істеп, содан кейін Азия Даму Банкіне ауыстым, онда сыртқы байланыстар бойынша сарапшы болып жұмыс істедім. Осыдан кейін ұзақ уақыт бойы Қазақстандағы Ұлыбритания елшілігінде баспасөз атташесі қызметін атқардым. Менің өмірімдегі өте маңызды кезең мемлекеттік сектордағы жұмыспен байланысты болды. Осы жұмыстардың арасында мен Лондондағы Корольдік қоғаммен байланыс институтында және Роберт Гордон университетінде қоғаммен байланыс бойынша арнайы білім алдым. Осыдан кейін мен корпоративтік секторға кетіп, 2017 жылдан бастап «Верный Капитал» компаниялар тобында жұмыс істей бастадым.

F: Ольга, Сіз иесі өте танымал және сонымен бірге өте жабық кәсіпкер болып табылатын компаниялар тобында жұмыс жасайсыз. Болат Өтемұратов құрылтайшысы болып табылатын компанияда жұмыс істеу қандай әсер береді?

- Бұл - үлкен жауапкершілік. Біздің компаниялар тобында барлық саладағы үздік мамандар жұмыс істейді. Мен бұған дейін жұмысқа қойылатын талаптың дәл осындай жоғары деңгейін кездестірген емеспін. Бұл керемет ынталандырады және өсуге мүмкіндік береді. Мен үшін төрт жылдық жұмыс барысында жеке дамуда да, кәсіби дамуда да кванттық секіріс болды. Мен дүниетанымымды, өмірге деген көзқарасымды, тіпті, ойлау стилімді өзгерттім. Менің ойымша, мен қазір өмірдегі кейбір құбылыстарды қалай пайымдайтыным - тіпті басқаша процесс және мен осы жұмысқа келгенге дейін басқаша болған сияқты.

Мен біздің акционерге өзін-өзі таныту мүмкіндіктері үшін және біздің топтың активтері өз салаларында жасайтын оң, күшті өзгерістерге қатысу сезімі үшін өте ризамын. Осы үлкен істің бір бөлігі болғанымды мақтан тұтамын.

F: Сіз неден немесе кімнен шабыт аласыз?

- Мен ешқашан өзіме тыныштық бермедім, әрқашан алға ұмтылдым, дамуға тырыстым, бірақ бұл қырық жасқа дейін болды. Содан кейін мен айналамдағы адамдардан шабыт ала бастадым. Мен жоғары кәсіби мамандармен, мені шабыттандыратын адамдармен, әріптестеріммен, біз ауқымды жобаларды іске асыратын адамдармен жұмыс істеймін. Жалпы, жақсы командада ауқымды жоба жасау - бұл менің шабытым. Менің ойымша, ауқымды ойлау және әрекет ету - бұл дұрыс тәсіл.

F: Сіз қалай ойлайсыз, әйелге үлкен корпорацияда мансап құру қиын ба?

- Бұл сұраққа қиын немесе оңай деп біржақты жауап беруге болмайды. Менің ойымша, бұл әйелдің өзіне байланысты. Әрине, сен жоғары позицияға білім қорымен келгенде, бұл оңай шығар. Ал төменнен бастағанда, бұл қиынырақ соғады, себебі жол ұзақ. Корпорацияда көлденең өсуге арналған көптеген аймақтар бар, ал тігінен - ұзағырақ.

F: Көптеген әйелдер бір сәтте үлкен компанияларда «шыны төбе» сияқты кедергі ұғымға тап болатынын айтады. Сізге бұл сезім таныс па?

- Жеке маған - жоқ, таныс емес. Осы тұрғыда менде дәйекті сұрақ туындайды: осы «шыны төбені» кім іледі? Менің ойымша, «шыны төбе» - бұл жан-жақты ұғым, мысалы, адам ұйымнан немесе оның ұстанымынан асып кетсе, қажыса және белгілі бір бағытта жұмыс істей алмаса немесе жұмыс істеуді қаламаса.

F: Қазақстанда үкімет өмірдің барлық салаларында гендерлік теңдікті қамтамасыз ету үшін көптеген жұмыс жүргізуде. Бірақ сонымен бірге біз бірдей позицияларда жұмыс істейтін әйелдер мен ер адамдар әр түрлі жалақы алатынын жақсы білеміз. Әдетте, бұл айырмашылық әйелдердің пайдасына емес...

- Әрине, ауытқулар бар, еңбек әр түрлі төленеді, бірақ мұнда бұл процестің түптамырын түсіну керек. Біріншіден, менің ойымша, әйелдерде жұмысқа орналасу кезінде талап қою деңгейі ерлерге қарағанда төмен. Мен өзім жиі позициялар бойынша сұхбат жүргіземін және егер ер адамдар қаржылық сыйақы тұрғысынан өздерін жоғары бағалайтын болса, онда әйелдер өздерін бағаламай, өз еңбегін кемсітіп және өздерін аз ақшаға лайық деп санайды.

Әрі қарай. Әйел ұйымға келіп, алға жылжып, өсе бастағанда, ол, әдетте, жалақыны көтеруде, позицияны талап етуде қиындықтарға тап болады. Яғни, әйелдің ойынша, ол жақсы жұмыс істесе, басшылық оны көріп, өзі бағалауы керек. Ер адамдарда бұл тұрғыдан проблема жоқ, олар батылырақ - басшыға барып, сұрайды және әдетте, алады.

Үшінші мәселе – «ескі», менің ойымша, ер адамдар отбасында асыраушы деген стереотип. Қазір көптеген әйелдер отбасыларын өздері асырайтынына сенімдімін.

F: Қалай ойлайсыз, жағдайды қалай өзгертуге болады?

- Біріншіден, менің ойымша, әр әйел өзін бағалап, басын жоғары көтеріп, алға ұмтылуы керек. Ол үшін лайықты білім алып, үнемі дамып, өсіп отыру керек. Өзіңіз туралы мәлімдеуге, жетістіктеріңіз туралы айтуға, өзіңіз туралы жариялауға қорықпаңыз - бұл да өте маңызды.

2017 жылы мен осы жұмысқа келгенде, анасы (СЕО, Директорлар кеңесінің мүшесі) қызына жазған өте қызықты хат түсті. Ол әйелдің жоғары лауазымға жету үшін не істеу керектігін айтады: «Әйелдің дауысы ер адамға қарағанда екі есе қатты болуы керек. Әдетте, әйел ер адамға қарағанда екі есе көп жұмыс істеуі керек және әрдайым дайын болуы керек». Яғни, егер бір тұста ер адам дайындықсыз келсе, ал әйел адамға бұл кешірілмейді. Сондықтан мұнда бәрі өзіңе байланысты - сен өзіңе жоғары мақсат қоюың керек. Өзің үшін мақсатты белгілегеннен кейін, тек даму тұрғысынан ғана емес, өз-өзіңді бағалау бойынша да, бүкіл қоршаған орта бірден тамаша қабылдап, бағалайды.

F: Сіздің ойыңызша, тепе-теңдікке қол жеткізіп, жақсы ана және жақсы қызметкер, жақсы басшы болу мүмкін бе?

- Меніңше, бұл жерде теңгерім жеткіліксіз, ауытқулар әрқашан болады. Тек өзіңмен келісу керек. Мысалы, «Қазір менің балам бар, ол маған үш жасқа дейін мұқтаж». Сондықтан сан-саққа ұмтылып, баламен бірге жұмысқа жүгірудің қажеті жоқ. Кейінірек өзіңді кінәламау үшін оған уақыт бөлу керек.

Содан кейін, жұмысқа шыққаннан соң, іссапарларға бару тура келгенде және үйде сирек болғанда, өзіңді кінәлаудың қажеті жоқ.

Балалар жұмыс істейтін аналарды жақсы түсінеді. Бастысы - кінәні сезінбеу, өзіңмен келісу және өзіңе риза болу. Жан дүниең тыныш болған кезде, айналадағылардың бәрі өздігінен қалыптасады. Сіз іссапарда жүргенде балалармен бірге отыратын және Сізге көмектесетін адамдар табылады, ал жұбайыңыз отбасылық міндеттерді бөлісуге ықыласты болады. Жалпы, шындық ішкі сезімге бейімделеді.

Ольга Абдрахманованың сұхбатын толық бейнеден қараңыз.

Поделиться
Класснуть