RG Gold алтын өндіретін жаңа кешенді іске қосуға дайындалуда

Ақмола облысында құрамында алтыны бар кенді өңдейтін жаңа тау-кен металлургия кешенінің құрылысы аяқталуға жақын. Қыркүйек айында алғашқы алтын алу жоспарланған кешеннің өндірістік қуаты жылына 5 миллион тонна кенді құрайды. 

2020 жылы қазақстандық RG Gold алтын өндіру компаниясы Ақмола облысының екі ауданы - Бурабай және Бұланды аумағында, Солтүстік және Оңтүстік Райгородок кен орындарына жақын жерде ТМК және қосалқы инфрақұрылым құрылысын бастады, онда үймелеп шаймалау әдісімен алтын өндіру жобасы табысты жұмыс істейді.

«Верный капитал» компаниялар тобы 2014 жылы Солтүстік және Оңтүстік Райгородок кен орындарын сатып алып, RG Gold компаниясын құрды. 2018 жылдың желтоқсан айында Resource Capital Funds американдық жеке тікелей инвестициялар қоры RG Gold үлесінің 35 пайызын сатып алып, жобаның екінші акционері болды. Өндірісті, қорлар мен ресурстарды ұлғайтуға салынған 144 миллиард теңге инвестициялар өндірісті едәуір ұлғайта отырып, кен орнын игеру мерзімін 20 жылға ұзартты. Алтын қоры төрт есеге (108 тоннаға дейін), өндіріс көлемі үш есеге ұлғайтылып, Райгородокты елдегі ең ірі моно-алтын кен орнына айналдырды. 

Үймелеп шаймалау технологиясы компанияға шамамен 2,2 миллион тонна кенді өңдеуге мүмкіндік береді. 2021 жылдың қорытындысы бойынша компания шамамен 1200 килограмм немесе 40 000 унция таза алтын өндірді, бұл өткен жылдардың көрсеткіштерінен жоғары.

5 миллион тонна бастапқы кенді өңдейтін ТМК 2022 жылдың қыркүйек-қазан айларында іске қосылса, жылына 1500-1600 килограм таза өнім алуға  болады. 2023 жылы екі өндірістік кәсіпорынымен RG Gold қымбат металл өндірушілер арасындағы ең жоғары лигаға кіріп, 6000 килограмнан астам алтын шығаруды жоспарлап отыр.

Тау-кен металлургия кешенін салу жөніндегі жобаны қаржыландыруды іздеу барысында ҚДБ, ЕАДБ, ЕҚҚДБ және басқаларды қоса алғанда, бірнеше халықаралық банктердің ұсыныстары қаралды. Қазақстанда соңғы 10 жылда іс жүзінде әрбір ірі өнеркәсіптік жоба осы институттардың қарыз қаражатының қатысуымен іске асырылды, осының арқасында қазіргі заманғы бірқатар кәсіпорындар мен өндірістік салаларды қалыптастыруға мүмкіндік туды.

ҚДБ-ның таңдалған себебі - қаражаттың қолжетімділігі және сыйақы мөлшерлемесі. RG Gold компаниясы несиені Қазақстан Даму Банкінен нарықтық шарттар бойынша алды,  және бұл несие пайыздық мөлшерлемеден бастап капитал/қарыз  арақатынасына дейін халықаралық практикаға сәйкес келеді.

ТМК құрылысының жобасы 424 миллион долларға бағаланып отыр, оның 30 пайызы компания акционерлерінің өз қаражаты есебінен. Қалған 297 миллион долларға Қазақстанның Даму банкінен 9 жыл мерзімге, 4,1 пайыз доллармен және 9 пайыз теңгемен сыйақы мөлшерлемесімен қарыз ресімделді.

RG Gold компаниялар тобының бас директоры Лоуренс Россоудың айтуынша, COVID-19 пандемиясынан және сыртқы саясаттан туындаған барлық логистикалық қиындықтар мен қосымша шығындарға қарамастан, құрылыс жоспарға сай жүріп жатыр.

«Бүгінгі таңда жабдықтар орнатылуда, тамыз айында іске қосу-жөндеу жұмыстары белгіленген. Айта кету керек, біз жаңа кәсіпорын үшін ең заманауи құрал-жабдықтарды сатып алдық. Кешеннің құрылысында негізінен жергілікті өндіріс материалдары пайдаланылды».

Қызметкерлерді таңдау кезінде компания жергілікті мамандарға да артықшылық береді.

«Жаңа фабриканы іске қосу үшін осы технологиялық процестің барлық қыр-сырын білетін дайын персоналды табу қиын. Сондықтан біздің барлық жаңа қызметкерлеріміз бүкіл Қазақстан бойынша басқа да ұқсас өндірістік кәсіпорындарда арнайы дайындық курстарынан өтті. Басында біз менеджерлер мен инженерлер деңгейінде қызметкерлерді жалдадық, дайындықтың екінші кезеңінде операторларды қабылдадық, сонымен қатар алдын ала дайындық, оқыту және одан әрі өсу мүмкіндіктері болды. Шетелдік жұмыс күшіне келетін болсақ, біз тәжірибемен бөлісу үшін бірнеше инженерді шақырттық».

Қазір RG Gold компаниясында 1000-нан астам адам жұмыс істейді, оларға компания лайықты еңбекақы, әлеуметтік пакет және кәсіби даму мүмкіндіктерін ұсынады.

ТМК жанында тағы 600 адамға арналған вахталық қалашықтың құрылысы жүргізілуде - жұмыстар 90 пайызға аяқталды. Келесі екі жылда супервайзерлер мен аға мамандар үшін Николаевка ауылында үйлер салынады.

Компания ұзақ мерзімді әлеуметтік инвестициялардың маңыздылығын түсінеді және бірнеше жыл бойы Бурабай ауданының түлектеріне білім гранттарын бөледі. Гранттарға Нархоз университетінде оқу, жатақханада тұру және ай сайынғы шәкіртақы кіреді. 2022 жылы компания Қазақстанның жоғары оқу орындарында тау-кен кәсіптері бойынша оқуға арналған гранттар бағдарламасын іске қосты - бағдарламаға Ақмола облысының мектеп түлектері мен компания қызметкерлерінің балалары қатыса алады. RG Gold көмегімен соңғы жылдары кенішке жақын ауылдарда мектептер жабдықталды, Щучинск-Николаевка жолы жөнделді, саябақ абаттандырылды.

Жер қойнауын игеруде жергілікті халықты экологиялық нормаларды сақтау аспектілері толғандыратыны заңды. ТМК жобалаушылары жергілікті және халықаралық экологиялық заңнаманың барлық негізгі нормаларын сақтай алды.

«Біздің жобамыз қауіпсіздік тұрғысынан мықты және өте консервативті болып шықты. Бұл шығындардың 40 пайызға дейін өсуіне әкеліп соқты, бірақ бұл біздің барлық халықаралық стандарттар мен талаптарды ұстанатынымызға көз жеткізу үшін қажет болды. Біздің компания ұстанатын қағидат - қоршаған ортаны ластайтын қалдықтарды мүлде болдырмау. Біздің қалдықтарымызда бар барлық зиянды элементтер алдын ала тазарту және зарарсыздандыру арқылы қалдық қоймасына жөнелтіледі. Біз өзіміз бизнесті этикалық түрде жүргізуге тырысамыз және жергілікті тұрғындардың пікіріне құлақ асып, халық кен орнынан пайда көруі үшін олардың қажеттіліктерін ескеруге тырысамыз», - деді Лоуренс Россоу.

Поделиться
Класснуть