01 Янв 1970 Криптовалюталар: Болады ма, әлде болмайды ма? - Verny Capital - лидер в отрасли частных инвестиций Казахстана

НОВОСТИ

Криптовалюталар: Болады ма, әлде болмайды ма?

19 фев 2018 год

Сәрсенбіде Алматыда Vласть интернет-журналы мен «Верный Капитал» компаниялар тобы ұйымдастырған Expert Update алаңшасында соңғы жылдың ең өзекті тақырыптарының бірі – Қазақстандағы криптовалюта нарығын талқылау өтті. Сала сарапшылары ұстамды консерватизм танытты, бірақ реттеушілік базаның дереу әзірленуін талап етуге асыққан жоқ.

Ұлттық банктің басқарма төрағасының кеңесшісі Айдархан Құсайынов іс-шараның басында-ақ Қазақстанда криптовалюта нарығы үшін реттеушілік база құруға әлі ерте дегенді айтып қалды. Ол бұл мәселенің бүкіл әлемде «талқылау сатысында» екенін, демек, «біздің ешқайда кешігіп жатпағанымызды» атап айтты. «Жалпы, мұның алға жылжитынына күмән бар...» - деп екіұшты үстеді ол. Реттеушінің позициясын белгілі бір дәрежеде қазақстандық қаржыгер Азамат Жолдасбеков қолдады: «Қазақстанда биткоин секілді криптовалютаны неліктен реттемеуге болады? Себебі Қазақстан шындығында көлеңке ақшамен, ақшаның ізін жасырумен және терроризмді қаржыландырумен күрес туралы талай келісімге қол қойды. Халықаралық ұйымдар криптовалютаны қолға алатын шақта шын мәнінде Қазақстанға ештеңені де ойлап табу керек болмайды, Қазақстан үшін мұның барлығын басқалар жасайды, ол тек соларды ұстануға міндетті болады», - деп мәлімдеді сарапшы.

Әзірге Қазақстанда да, бүкіл әлемде де сарапшылар негізгі ұғымдарды жіктеуге талпынып, әуре болуда. «Тіпті блокчейн дегеннің не екенін айқындау сатысында да әлемде бірауыздылық жоқ. Оның өзара сәйкес келмейтін екі айқындамасы бар. Олардың бірінде “криптография” деген сөз мүлдем қолданылмайды», - деп ерекше атап көрсетті KPMG компаниясының IT саласында консультациялар беру тобының жетекшісі Константин Аушев. Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының қаржылық технологиялар мен инновацияларды дамыту жөніндегі орталығының директоры Константин Пак та терминологияға қатысты үлкен проблеманың бар екенін атады.

«Криптовалютаның айқындамасының өзі де өтірік. Ол валюта емес, төлем құралы емес, онда ақшаның сипаттары жоқ. Ол мүлдем басқа нәрсе. Криптобиржаның да биржаға ешқандай қатысы жоқ. Әдетте бұл – бағдарламалық жасақтама, оның ар жағында бір ғана адам тұруы мүмкін. Бұл мүлдем реттелмейтін, заңи тұрғыдан ешбір ресімделмеген, біреудің ақшасын қабылдайтын және онымен бірдеңе жасайтын түзілім. Криптобиржаларда жарияланатын бағамдар да сондай-ақ мүлдем жабық және объективті емес, қалыптастыру механизмдері жоқ. Капиталдандыру санағының алгоритмі де мүлдем көпіршік», - деп атап өтті ҚҚҚ өкілі.

Кәсіпқой трейдер және Asia Blockchain бейкоммерциялық қауымдастығының басшысы Теймур Тмуслим өз кезегінде криптовалюта деген инвестиция емес деп атап айтады. «Қазір бұл нарықта мен салауаттылықты көріп тұрған жоқпын. Бізде бұл таза алыпсатарлық нарық. Қазақстандықтар үшін бұл ақшаны қайда сақтаудың амалы – бізде не депозиттер, не криптовалюталар бар», - деп көңілсіз мәлімдейді сарапшы. Мамандар бұдан шығатын жол тек қаржылық сауаттылықты жаппай насихаттау деп санайды.

Қазақстанның блокчейн және криптовалюталар қауымдастығындағылар мұндай ағартушылық идеяға күмәнмен қарайды: «Барша адамды барша білімге жаппай оқып-үйрету міндеті – шын мәнінде мұңайтатын жайт, себебі бұл –мүлде орындалмайтын міндет», - дейді қауымдастық жетекшісі Есет Бутин. Оның пікірі бойынша, «бүгінде қолда бар құралдар мен нақты жағдайлар үшін платформа және құқықтық база құруға» зейін қоюдың маңызы әлдеқайда зор. Естеріңізге сала кетейік, Ұлттық банк оған талпыныс жасап, жылдың басында банктерге тиісті циркуляр жолдаған: ол құжатқа сәйкес, Қазақстанда криптовалютамен операция жасауға тыйым салынады.

«Халықты, кәсіпқой емес инвесторларды осы бір түсініксіз активпен операция жасаудан қорғаштау керек», - деп, реттеушінің ортақ көзқарасын білдірді Құсайынов. Бутин Ұлттық банктің криптовалюталарға қатысты ұсыныстамаларының «заңи негіздемесі жоқ» екенін атап айтады. Оның айтуынша, циркуляр тек реттеушінің өзара әрекеттесуі үшін тыйым салынған биржалардың тізбесін нақты айқындаған жағдайда ғана нақты күшке ие болар еді, бірақ ондай тізбе әзірге жасалмаған. «Ұлттық банк үшін криптовалюталар мәселесі – 59-шы мәселе», - деп әжуалады ҚБКҚ басшысы, өз командасының реттеушінің мамандарымен кездесуі себептері түсіндірілместен аяқ астынан кейінге қалдырылғанын еске алып.

Бутин Қазақстанда брокерлер мен дилерлерге өз активтерінің ең болмағанда 1%-ын криптовалютада қалыптастыруға мүмкіндік беретін light-механизмдер құрудан бастауды ұсынады. Оның айтуынша, бұл кәсіпқой қатысушылар арқылы әрекет ететін қатардағы қазақстандықтардың нарыққа шығу мүмкіндігін заңдастырады. Оған қоса, үкімет елде крипто ғалам туралы бастауыш білім алуға, криптовалюталармен жаттығуға және қорытындысында төл блокчейн-стартапты іске қосуға болатын «құмсалғыштар» ұйымдастырудың қамын ойлауы керек. Олардың алғашқысы «Астана» халықаралық қаржы орталығы болмақ. «Ақпанның соңына – наурыздың басына қарай біз АХҚО тарапынан орталықтың басшылығы ол жайында бірнеше рет сөз қозғаған крипто алқаптың жұмыс механизмі мен ережелерін тағайындайтын нормативтік құжаттар пакетін күтудеміз», - дейді Бутин.

Ал кәсіпқой қоғамдастық тағатсыз күтіп отырған кезде, криптовалюталармен әуестенудің қазақстандықтар үшін жайсыз салдарының айналасындағы дискурс етек алып келеді. «Қазір бұл нарықпен бірдеңе болып қалған жағдайда, оның теріс салдарынан қалай сақтануға болады деген мәселе өзекті болып отыр», - деп атап айтады Пак. «Біз биткоин түріндегі криптовалюталарға инвестиция құю проблемасының Қазақстанда кедейлердің тым көп болуының салдары екенін көріп отырмыз. Егер Қазақстан Джинни коэффициентін халықтың көпшілігі орташа тапқа жататындай етіп туралай алса, криптовалюталарға қатысты проблемаларда ешкімнің де шаруасы болмайды», - деп атап көрсетеді Жолдасбеков.

Адамдар виртуалды кеңістікте қалыптастырылатын криптовалюталардың нақты дүниемен ортақ ештеңесі жоқ екенін түсінуге тиіс – бұған барлық сарапшылар кәміл сенеді. «Идея жылдам, арзан, анонимді есеп айырысу құралына жету болатын, ал біз қымбат, баяу, анонимді емес есеп айырысу құралын алдық», - деп түйеді ҚҚҚ өкілі. Құсайынов тіпті кеңінен анонсталатын ICO Телеграма (криптовалюталар сату түрінде инвестициялар тарту - V.) – криптовалюталар жайындағыдан гөрі криптоактивтер жайында (іс жүзінде компанияның акциялары жайында) екенін ашып айтады. «Егер сізде General Motors компаниясының акциялары болса, сіз соларды беру арқылы есеп айырыса аласыз», - деген мысал келтіреді Ұлттық банк басшысының кеңесшісі. Сондай-ақ Қазақстанға ICO арқылы ақша тарту да перспективті секілді көрінбейді. Бұл жерде Құсайынов жиналғандардың барлығын көктен жерге түсірді: «Бізде халық долларды тарта алмайды! Бізде қалыпты инвестицияларды тарту – проблема».