Болат Өтемұратов
Болат Өтемұратов – Forbes қазақстандық тізіміндегі Қазақстанның табысты кәсіпкерлерінің бірі. Ол «Верный капитал» тобының жобаларындағы негізгі инвестор және денсаулық сақтау, білім беру, экология, қаланы жоспарлау мен мәдениет саласындағы әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асырумен айналысатын атаулы қайырымдылық қорының құрылтайшысы болып табылады.
Болат Өтемұратов – Қазақстан теннис федерациясының президенті және Халықаралық теннис федерациясының (ITF) Директорлар кеңесінің мүшесі. 2023 жылдың желтоқсанында ол ITF вице-президенті болып екінші мерзімге қайта тағайындалды.
Кәсіби мансабы
Болат Өтемұратов Алматы халық шаруашылығы институтын (қазіргі кезде – Narxoz Университеті) «Экономика» мамандығы бойынша бітірді. Өзінің кәсіби жолын 1986 жылы аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары болып бастады. Келесі 10 жыл ішінде Сыртқы экономикалық байланыстар жөніндегі мемлекеттік комитетте, Венадағы Қазақ сауда үйінде, содан соң Қазақстан Республикасының Сыртқы экономикалық байланыстар министрлігінде, сондай-ақ Өнеркәсіп және сауда министрлігінде жұмыс істеді.
1995 жылы Болат Өтемұратов серіктестерімен бірлесіп Алматы сауда-қаржы банкін (АТФ Банк) құрды, ал 2007 жылға қарай оның жалғыз бақылаушы акционері болды. Осы уақыт ішінде АТФ Банк шағын қаржы институтының банк нарығы көшбасшыларының біріне айналды. 2007 жылы Болат Өтемұратов миноритарлық акционерлермен бірлесіп АТФ банкін UniCredit итальяндық тобына рекордтық 2,2 миллиард долларға сатты. Сарапшылардың бағалауы бойынша, бұл мәміле сол кездегі ТМД банк секторындағы ең ірі мәміле болды.
1996-1999 жылдар аралығында Болат Өтемұратов Қазақстанның Швейцариядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі болды. 1999 жылдың ақпанынан 2013 жылдың мамырына дейін ҚР Қауіпсіздік кеңесі мен Президенті Әкімшілігінде түрлі лауазымдарында болды. Өтемұратовтың мемлекеттік қызметтегі атқарған соңғы лауазымы — Президенттің Қырғыз Республикасымен ынтымақтастық мәселелері жөніндегі арнайы өкілі. 2007 жылдың шілдесінен 2022 жылдың қаңтарын қоса алғандағы мерзімде «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы Саяси кеңесінің мүшесі болды.
Қайырымдылық қызметі
Қазіргі уақытта Болат Өтемұратов қоғамдық және қайырымдылық қызметке ден қойған, инвестициялық жобалар орнықты даму және әлеуметтік жауапкершілік қағидаттарына негізделген. Болат Өтемұратов қоры іске асырған жобалардың жалпы құны 240 миллион АҚШ долларынан асады.
Қор аутизм спектрі бұзылған балалар үшін (АСБ) ерте араласу бағдарламаларын және олардың отбасыларына қолдау көрсетуді көздейтін «Аутизм. Баршамызға бір әлем» флагмандық жобасын жүзеге асыруға 16 миллион доллардан астам қаражат бөлді. Қор Қазақстандағы өңірлерді географиялық жағынан кеңінен қамтып, әрі түрлі салаларға ұзақ уақыт бойы ықпалын тигізе отырып, ауқымды әлеуметтік бастамаларды жүйелі негізде іске асыратын санаулы ұйымдардың бірі болып табылады. Осы ұстанымының арқасында Қор төтенше жағдайларды қоса алғанда, көмеке мейлінше мұқтаж жерлерге жедел көмек қолын соза алады. Қор жергілікті деңгейде шұғыл көмек көрсетумен қатар, 2023 жылы Түркияға жер сілкінісінің жойқын зардаптарын жеңуге көмектесу үшін 5 миллион доллар көмек берді. 2023 жылдың қазан айында Костенко атындағы шахтада жарылыстан қаза тапқан кеншілер отбасыларына 1 миллион доллар бөлді.
2024 жылы Қор Қазақстандағы алапат су тасқынының салдарын жоюға 26 миллион доллардан астам қаражат бөлді. Бұл қаражат зардап шеккендерге алғашқы қажетті көмек көрсетуге және Ақтөбе облысында 400-ден астам отбасын баспанамен қамтамасыз етуге бағытталды. Өңірлік дамуды қолдау мақсатында Қор еліміздің әртүрлі өңірлерінде 133 миллион АҚШ долларынан астам сомаға мемлекетке өтеусіз беру арқылы әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бойынша бірқатар жобаларға бастамашылық жасады. 2023 жылдың қыркүйегінде Қосшы қаласында Қор қаражатына салынған жаңа мектеп ашылды. Ол «жайлы мектеп» ұлттық стандартының талаптарына сәйкес келетін алғашқы мектеп болды. 2024 жылдың қыркүйегінде Алматы облысында тағы да сондай екі мектеп ашылды.
2024 жылы қараша айында алаңы 7,5 мың шаршы метрді құрайтын Қызылорда әуежайының жаңа жолаушылар терминалы іске қосылды. Бұл әуежайдың өткізу қабілетін 7 есеге – жылына 2 миллион жолаушыға дейін арттыруға мүмкіндік берді.
2025 жылдың наурыз айында Қосшыда ауданы 8,5 мың шаршы метр, 1000-нан астам адам сыятын жаңа қоғамдық-мәдени орталық ашылды. Орталық спорттық, білім беру және демалыс кеңістігінен тұрады. Сонымен қатар, 2026 жылы Жезқазған қаласына жалпы ауданы 2 600 шаршы метрді құрайтын заманауи «Шабыт» балалар мен жасөспірімдерді дамыту орталығы берілді.
Болат Өтемұратов екі коммерциялық емес білім беру мекемесіне: Қазақстанның жетекші жеке университеттерінің бірі болып табылатын Нархоз Университетіне, сонымен қатар тәуелсіз Британдық мектеп білімі дәстүрінде кең бейінді гуманитарлық білім беруді ұсынатын қазақстандық халықаралық Haileybury мектептеріне тікелей қолдау көрсетеді. 2025 жылдың қазан айында Haileybury Astana мектебінде білім беру инфрақұрылымын дамыту, оқыту сапасын арттыру және жасанды интеллект, инженерия мен робот техникасы салаларында әлемдік деңгейдегі кадрларды даярлау жөніндегі жүйелі жұмыс шеңберінде ғылымды, технологияны, инженерияны және математиканы (STEM) пәнаралық форматта біріктіретін заманауи SciTech Hub — жаңа буындағы білім беру орталығы ашылды. Жобаның құны 3,4 млрд теңгені құрады. Барлық түскен қаражат университет пен мектептерге, сәйкесінше, кадрлық әлеуетті дамытуға, инфрақұрылымды жақсартуға және білім беру сапасын арттыруға қайта инвестицияланады.
2023 жылдың желтоқсанында Kazakhstan Growth Forum сараптамалық кеңесінің тәуелсіз мүшелері Болат Өтемұратовқа әлеуметтік саладағы көрнекті жобалары үшін «Жыл меценаты» сыйлығын берді. 2024 жылдың маусым айында Болат Өтемұратов қоры Қазақстандағы АҚШ Сауда палатасының (Тhe American Chamber of Commerce in Kazakhstan) «Қоғамға қызмет ету» санатындағы сыйлығына ие болды.
Қазақстандықтардың спорт болашағына қосқан үлесі
Болат Өтемұратов Қазақстанда теннисті дамытуға, жаттықтырушыларды даярлауға, теннис инфрақұрылымын салуға және жас талантты спортшыларды даярлаудың ұзақ мерзімді бағдарламасын әзірлеуге 200 миллион доллардан астам инвестиция салды. Бұл тәсіл өте тиімді болып шықты. Ұлттық құрама ойыншылары – Елена Рыбакина, Александр Бублик, Анна Данилина, Юлия Путинцева, Жібек Құламбаевалардың жетістіктерімен қатар қазақстандық жас теннисшілер де жоғары нәтижелер көрсетуде. Елена Рыбакина 2022 жылы Wimbledon және 2026 жылы Australian Open турнирлерінде жеңіске жетті. Қазіргі уақытта әлемдік WTA рейтингіндегі оның ең жоғары позициясы жекелей сын бойынша екінші орын болып отыр. Александр Бублик тәуелсіз Қазақстан тарихында тұңғыш рет жеке сында әлемдік ATP рейтингінің үздік ондығына кірді. Анна Данилина WTA 1000 турнирлерінің жеңімпазы және Үлкен дулыға турнирлерінің финалисі атанып, Қазақстанның әлемдік жұптық теннистегі орнын нығайтты.
Жасөспірімдер деңгейінде де Қазақстан өз позициясын дәйекті түрде нығайтуда. 14 жасқа дейінгі жасөспірімдер командасы әлемдік біріншілікте төртінші орынға қол жеткізген соң және бозбалалар мен қыздар құрамасының жасөспірімдер арасындағы Дэвис кубогы мен Billie Jean King кубогының финалдық кезеңдеріне шыққаннан кейін қазақстандық теннисшілер Үлкен дулыға турнирлерінде үнемі жоғары нәтижелер көрсетуде. Заңғар Нұрланұлының жасөспірімдер арасындағы Australian Open турнирінің жартылай финалына шығуы тарихи жетістік болды. Сонымен қатар халықаралық аренада Әмір Омарханов, Дамир Жалғасбай, Даниал Рахматуллаев, Соня Жиенбаева және ірі жасөспірімдер турнирлерінде табысты өнер көрсетіп, біртіндеп кәсіби деңгейге өтіп келе жатқан жаңа буынның басқа да өкілдері жоғары нәтижелер көрсетуде.
2020 жылдан бастап Астана ATP 250 сериясының жыл сайынғы турнирлерін өткізеді. 2022 жылы турнир деңгейі бір рет ATP 500 деңгейіне көтерілді. 2024 жылы Кәсіпқой теннисшілер қауымдастығы ATP 250 сериясы теннис турнирін Астанадан Алматыға ауыстыру шешімін бекітті.
ATP 250 Almaty Open турнирі корттардың сапасы, киім ауыстыратын бөлмелердің қолайлылығы, көрермендердің қолдауы, жайлы ахуал және т. б. секілді 30-дан астам көрсеткіштер бойынша 2024 жылғы 3 үздік турнирдің біріне айналып, ойыншылардың аса жоғары бағасына ие болды.

Болат Өтемұратов
Болат Өтемұратов қорының негізін қалаушы
Қазақстан теннис федерациясының президенті, Толығырақ The Marque профилінде


