Инвестор
Болат Өтемұратов
Болат Өтемұратов – Forbes қазақстандық тізімінде Қазақстанның табысты кәсіпкерлерінің бірі. «Верный капитал» тобының жобаларында негізгі инвестор, сондай-ақ денсаулық сақтау, білім беру, қала құрылысы және мәдениет саласындағы әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асырумен айналысатын қайырымдылық қорының құрылтайшысы.
Кәсіби мансабы
Болат Өтемұратов Алматы халық шаруашылығы институтын (Нархоз) «экономика» мамандығы бойынша бітірді. Өзінің кәсіби жолын 1986 жылы аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары ретінде бастады. Келесі 10 жыл ішінде Сыртқы экономикалық байланыстар жөніндегі мемлекеттік комитетте, Венадағы Қазақ сауда үйінде, содан кейін Қазақстан Республикасының Сыртқы экономикалық байланыстар министрлігінде, Өнеркәсіп және сауда министрлігінде қызметтер атқарды.
1995 жылы Болат Өтемұратов серіктестерімен бірлесіп Алматы сауда-қаржы банкін (АТФ Банк) құрды, ал 2007 жылға қарай оның жалғыз бақылаушы акционері болды. Осы уақыт аралығында АТФ Банк шағын қаржы институтынан банк нарығы көшбасшыларының біріне айналды. 2007 жылы Болат Өтемұратов миноритарлық акционерлермен бірлесіп АТФ банкін UniCredit итальяндық тобына рекордтық 2,2 миллиард долларға сатты. Сарапшылардың бағалауы бойынша, бұл мәміле сол кездегі ТМД банк секторында ең ірі мәміле болды.
1996-1999 жылдары Болат Өтемұратов Қазақстанның Швейцариядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі болды. 1999 жылғы ақпаннан 2013 жылғы мамырға дейін ҚР Президенті Әкімшілігі мен Қауіпсіздік кеңесінде түрлі лауазымдарды иеленді. Өтемұратовтың мемлекеттік қызметтегі соңғы лауазымы – Президенттің Қырғыз Республикасымен ынтымақтастық мәселелері жөніндегі арнайы өкілі. 2007 жылдың шілдесінен 2022 жылдың қаңтарына дейін «Нұр Отан» Халықтық-демократиялық партиясының Саяси кеңесінің мүшесі болды.
Қайырымдылық қызметі
Өтемұратов іскерлік мансабымен қатар өз инвестицияларына тұрақты даму және әлеуметтік жауапкершілік қағидаттарын енгізе отырып, қайырымдылық қызметпен белсенді айналысады.
Қор аутистік спектрдің бұзылуы (АСБ) бар балаларға ерте араласу және олардың отбасыларын қолдау бағдарламаларын көздейтін «Аутизм. Баршамызға бір әлем» көшбасшы жобасын іске асыруға 12 миллион доллар бөлді. Қордың географиялық қамту аумағы кең және әр түрлі қызмет салаларында көптеген жобаларды іске асыратын Қазақстандағы санаулы ұйымдардың бірі болып табылады. Осының арқасында Қор төтенше жағдайларды қоса алғанда, ең қажет жағдайда жедел көмек көрсете алады. Жергілікті деңгейде шұғыл көмек көрсетумен қатар, Қор 2023 жылы Түркияға жер сілкінісінің жойқын зардаптарын жеңуге көмектесу үшін 5 миллион доллар бөлді.
Өңірлік дамуды қолдау мақсатында Қор елдің әр түрлі аймақтарында 90 миллион АҚШ долларынан астам сомаға бірқатар жобалар бастамасын көтерді. Болат Өтемұратов Қоры жастарды дамыту жобаларын да белсенді жүзеге асырады. Елдегі 80 мектептің оқу бағдарламасына оқушыларға сыни ойлау, көпшілік алдында еркін сөз сөйлеу және келіссөздер жүргізу дағдыларын меңгеруге жәрдемдесетін бірегей көшбасшылық бағдарламасы енгізілді. Сондай-ақ, тұрақты даму мәдениетін және командалық жұмысты қалыптастыру үшін Қор Алматы мен Астана қалаларының 36 мектебінде «Жасыл мектеп» жобасына бастамашы болды. Бағдарлама шеңберінде балалар салауатты өмір салтын ұстанып, өсімдіктерді отырғызу мен өсіру дағдыларын үйренеді. Бүгінгі күні екі бағдарламаға барлығы 40 000 оқушы қатысты.
Болат Өтемұратов екі коммерциялық емес білім беру мекемесіне тікелей қолдау көрсетеді: бірі – Қазақстандағы жетекші жекеменшік жоғары оқу орындарының бірі Нархоз Университеті, екіншісі – тәуелсіз британдық мектеп білім беру дәстүрлерінде кең бейінді гуманитарлық білім беруді ұсынатын Haileybury қазақстандық халықаралық мектептері. Барлық түскен қаражат университет пен мектептерге қайта инвестицияланады және кадрлық әлеуетті дамытуға, инфрақұрылымды жақсартуға және білім беру сапасын арттыруға бағытталады.
Қазақстандықтардың спорттық болашағына қосқан үлесі
2007 жылдан бастап Болат Өтемұратов Қазақстан теннис федерациясының президенті, ал қазіргі уақытта Халықаралық теннис федерациясының (ITF) Директорлар кеңесінің мүшесі және вице-президенті болып табылады. Ол Қазақстанда теннисті дамытуға, жаттықтырушыларды даярлауға, теннис инфрақұрылымын салуға және жас дарынды спортшыларды даярлаудың ұзақ мерзімді бағдарламасын әзірлеуге 100 миллион доллардан астам қаражат бөлді. Бұл үлес өте сәтті болды: 2022 жылы Қазақстаннан келген жас теннисшілер 14 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатының жартылай финалына шықты, ал қазақстандық теннисші Елена Рыбакина Уимблдонда жеңіске жетті. 2022 жылы Болат Өтемұратовтың жетекшілігімен Қазақстанда алғаш рет ATP 500 турнирі өтті.
Болат Өтемұратов
Болат Өтемұратов қорының негізін қалаушы
Қазақстан теннис федерациясының президенті, Толығырақ The Marque профилінде