Жаңалықтар

Басты бет – Жаңалықтар

ForteBank Kassa Nova банкінің 100% акциясын «Фридом финанс» компаниясын сату туралы шартқа қол қойды

ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мақұлдауын және басқа да қажетті рұқсаттарды алғаннан кейін 2020 жылдың соңына дейін мәмілені жабу жоспарлануда.

«Kassa Nova банкін құру, оны тұрақты әрі табысты қаржы институты ретінде дәйекті дамыту және кейінгі сату тіпті қиын-қыстау уақытта өзінің тиімділігін дәлелдеген дұрыс бизнес-стратегияны іске асырудың классикалық үлгісі болып табылады. Бұл мәміле жайлы хабарландыру әлеуеті жоғары банктің тұрақтылығы мен сенімділігін растайды. Kassa Nova банкі өз клиенттеріне жоғары сапалы қызмет көрсету арқылы жұмысын жалғастырады», – деп атап өтті ForteBank Басқармасының Төрағасы Гурам Андроникашвили.

Kassa Nova банкі шағын және орта бизнес секторында қаржылық қызмет көрсетуге маманданған орта көлемдегі дербес банк болып табылады. 2019 жылы банк 120 млрд теңгеден астам активпен 19-орынды иеленді.

Freedom Holding Corp. компаниясының СЕО маманы Тимур Турлов жылдың соңына дейін банктің акционері, стратегиясы өзгеріссіз қалатынын, кадрлық өзгерістер күтілмейтінін атап өтті. Оның айтуынша, компания банкті өз қаражатына сатып алады. Банкті сатып алғаннан кейін «Фридом финанс» өнім желісін кеңейтуді жоспарлап отыр.

«Қазіргі уақытта акционерге алғытөлем жасалды, кейін ребрендинг жүргізіліп, банктің атауы өзгереді. Мәміле сомасы – 1,1-ге көбейтілген банктің меншікті капиталы. Алғытөлем 4,3 миллион долларды құрады. Мәміле сомасының қалған 90%-ы мәміле толық жабылғаннан кейін төленеді. Біз шетелдік клиенттер үшін хаб, технологиялық банк болғымыз келеді. Біз көптеген филиалдар ашпай, керісінше, онлайн-банк ретінде жұмыс істейміз. Шарттың маңызды бөлігі – Kassa Nova банкінің кредит қоржынының ауқымды бөлігі мәміленің аяқталу сәтінде ForteBank-ке өтеді, себебі холдингтің қоржынында бұл бизнес түрі жоқ», – деп атап өтті Тимур Турлов.

«Фридом финанс» АҚ Қазақстанды, Ресейді және Украинаны қоса алғанда, сегіз елдегі клиенттерге қаржылық қызмет көрсететін Freedom Holding Corp. халықаралық инвестициялық тобына кіреді. Freedom Holding Corp. акциялары Nasdaq Capital Market-те, Қазақстан қор биржасында және Санкт-Петербург биржасында орналастырылған. Freedom Holding Corp. нарықтық капиталдандыруы 2020 жылғы 31 шілдеде 1,13 млрд. долларды құрады.

Басқа жаңалықтар: