Нархоз университетінің Директорлар кеңесі қазіргі президенттің еңбек келісімшартының мерзімінің аяқталуына байланысты 2024 жылғы 1 маусымнан бастап Нархоз Университетінің президенті ретінде Қанат Қожахметтің кандидатурасын бекітті. Мирас Дәуленовтің және оның басшылығымен университет командасының жұмысына жоғары оң баға берілді. Жаңа басшының алдында университетті басқаруда сабақтастықты қамтамасыз етіп, жоғары оқу орнының академиялық сапасын одан әрі жетілдіру және ғылыми-зерттеу қызметін дамытуға баса назар аудару міндеті тұр.
Қанат Қожахмет Қазақстанның жетекші университеттерінде профессорлық-оқытушылық және ғылыми салаларда да, басқарушылық позицияларда да айтарлықтай жұмыс тәжірибесіне ие. 2021-2022 жылдары Нархоз Университетінің алғашқы провосты болды, Цифрлық технологиялар мектебінің ашылуына және университеттің құрылымдық қайта құрылуына қатысты. Сулейман Демирель Университетінің ректоры лауазымында болды (2017-2019 жылдар), Астана IT университетін басқарды (2019-2020 жылдар). Информатика, есептеу техникасы және басқаруда PhD дәрежесі бар.