«Верный Капитал» компаниялар тобы мен оның стратегиялық серіктесі – американдық Resource Capital Funds инвестициялық қоры Zijin Mining Group Co. Ltd. корпорациясының еншілес кәсіпорны Zijin Gold International Co. Ltd. компаниясына RG Gold-ты сату бойынша мәмілені аяқтады.
100 миллиард доллардан астам нарықтық капиталдандыруға қол жеткізген Zijin Mining Group бүгінде әлемдегі үшінші ірі тау-кен өндіруші кәсіпорын болып табылады. Құрылған сәтінен бастап отыз жыл ішінде компания өзін табиғи ресурстарды жауапты әзірлеуші және технологиялық инновациялар саласындағы әлемдік көшбасшылардың бірі ретінде көрсетті.
Өз кезегінде, «Верный Капитал» мен Resource Capital Funds басшылығымен RG Gold-тың өндірістік қуаты айтарлықтай өсті. Заманауи жабдықты енгізу операциялық шығындарды азайта отырып, өндірістің тиімділігі мен қауіпсіздігін арттырды. 2014 жылдан бастап компанияның ресурстық базасы үш есеге өсті және бүгінде JORC стандарты бойынша 7,6 миллион унцияны құрайды.
«Біз серіктестерімізбен бірге RG Gold-ты Қазақстанның тиімділік, инновация және орнықты даму қағидаттарына негізделген жетекші алтын өндіруші компанияларының біріне айналдыра алғанымызды мақтан тұтамыз. Реттеуші органдардың барлық қажетті рұқсаттарын уақтылы алғаннан кейін біз мәмілені аяқтап, кәсіпорын мен бүкіл саланы дамытудың жаңа кезеңіне қадам бастық. Zijin Mining Group компаниясының Қазақстан нарығына келуі жаңа озық технологиялар мен жер қойнауын жауапты пайдалану стандарттарын әкелетініне сенімдімін», – деп атап өтті «Верный Капитал» компаниялар тобының бас директоры Айдан Ақанов.
RG Gold тұрақты жоғары өндірістік көрсеткіштерді көрсетіп қана қоймай, еліміздің экономикасы мен әлеуметтік саласына да елеулі үлес қосады. Өз жұмысы барысында компания мемлекеттік бюджетке 160 млрд теңгеден астам ақша аударып, Қазақстанның ірі салық төлеушілерінің бірі ретінде бекіді. RG Gold 1200-ге жуық жұмыс орнын құрды, сонымен қатар жергілікті халықты қолдауға, инфрақұрылымды дамытуға және өңірдегі өмір сапасын жақсартуға бағытталған әлеуметтік бастамаларды дәйекті түрде жүзеге асыруда.
«Біз Zijin Mining Group сияқты халықаралық компанияның келуі Қазақстанның тау-кен өндіру саласын одан әрі технологиялық және тұрақты дамыту үшін жаңа мүмкіндіктер ашатынына сенімдіміз. Бұл елдің пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын жауапты инвестициялары үшін тартымды бағыт ретіндегі позициясын нығайтады. Біз серіктесімізге, «Верный Капитал» компаниялар тобына бірлесіп атқарған жемісті және кәсіби ынтымақтастық жылдарымыз үшін тағы да алғыс айтқымыз келеді», – деп атап өтті RCF компаниясындағы серіктес Мартин Вальдес.
Мәміледе «Верный Капиталдың» және RCF-тің кеңесшілері жетекші халықаралық инвестициялық банктер – J. P. Morgan Securities plc пен BMO Capital Markets, сондай-ақ Herbert Smith Freehills заң компаниясы болды.