Beeline Kazakhstan

IMG

Beeline Қазақстан үшін тұрақты даму стратегиясы – бұл, ең алдымен, қоғамның әлеуметтік және экономикалық мәселелерін заманауи технологиялардың көмегімен шешуге ықпал ету мүмкіндігі. Бұл дегеніміз – жаңа цифрлық өнімдерді әзірлеу немесе қолдау, сараптама алмасу, даму платформаларын ұсыну. Технологиялар – әлемді біріктіру және оңды қайта құру үшін маңызды құрал, сондықтан компания оларды дамытумен одан әрі айналысуға ниетті. Оның ішінде тұрақты даму мақсатында да. Beeline корпоративтік әлеуметтік жауапкершілігі – бұл жай ғана әлеуметтік және қайырымдылық жобалар емес. Бұл – тұрақты даму және сенімді әрі инновациялық бизнестің беделін нығайту жөніндегі жүйелі жұмыс.

Мұндай көзқарастың өзектілігі COVID-19 пандемиясы кезеңінде расталды. 2020 жылы телекоммуникация секторы экономиканың көптеген салалары үшін құзырет орталығына айналды: бизнестің үздіксіздігі және мемлекет, бизнес-компаниялар және ҮЕҰ секторы ұсынатын барлық онлайн-сервистер мен қызметтерге үздіксіз қол жеткізу әлеуметтік және экономикалық тұрақтылықтың кепілі болды. Қашықтан жұмыспен қамту және қашықтан оқыту нысандарына жаппай қолжетімділікті қамтамасыз етуден бастап телемедицина қызметтерін кеңейтуге дейін, өнімдерге онлайн тапсырыс беруден бастап коронавирустық індетке қарсы іс-қимыл туралы маңызды ақпаратқа қол жеткізуге дейін. Барлық процестердің тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін 2020 жылы Beeline Қазақстан бейнеталдау және Big Data саласындағы өз әзірлемелері негізінде көптеген диджитал-шешімдерді енгізді. Beeline қызметтерінің арқасында компания клиенттері жұмысты қашықтан ұйымдастыра алды. Сондай-ақ, елде төтенше жағдай режимі енгізілгеннен кейін азаматтардың қозғалысын бақылау мәселесі өткір болды. Пилоттық жоба аясында Big Data департаменті иесіздендірілген деректердің үлкен массивін өңдеу қызметін құрды. Кейіннен бұл жоба бүкіл Қазақстан бойынша төтенше жағдай режиміне байланысты ахуалды мониторингтеу және бағалау үшін пайдаланылды. Сервис сондай-ақ шаралардың тиімділігін және аурудың жаңа ошақтарының пайда болу қаупін көрсетуге көмектеседі.

Құрамына Beeline Қазақстан кіретін Veon халықаралық телекоммуникациялық холдингінің барлық компанияларының КӘЖ саласында екі негізгі бағыты бар. Бұл – цифрлық білім беруді қолдау және жастар цифрлық кәсіпкерлігін қолдау. Біз осы бағытта жұмысты жалғастырамыз, бірақ пандемия өз түзетулерін енгізіп, әлеуметтік қызметімізді кеңейтті. Мәселен, карантин кезеңінде біз медицина қызметкерлеріне тегін байланыс пен интернет бердік, 250-ден астам білім беру және мемлекеттік ресурстарға тегін қолжетімділікті аштық, «Сыныптық» арнайы тарифі мұғалімдерге жеңілдетілген бағамен байланыс қызметтерін пайдалануға мүмкіндік берді. Біз жеке мектептерді, университеттерді, институттар мен оқу орталықтарын MS Office 365 және 1 ТБ бұлтты кеңістік бағдарламалық пакетімен қамтамасыз еттік. Қашықтан оқыту платформасы виртуалды сынып, бейне сабақтар, интерактивті тақта және бейнеконференция опцияларын қамтиды.

Beeline зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі жандардың ұялы байланысы үшін төлемді алып тастады: «Әлеуметтік» және «Бірлескен қарым-қатынас+» тарифтік жоспарларының барлық пайдаланушылары дауыстық және интернет трафик алды. Біздің елден тыс жердегі абоненттеріміз Beeline тегін байланыс пакеттерін алды. Желінің жұмысын сақтау үшін компания құрылыспен айналысатын мердігерлеріне мерзімінен бұрын төлем жүргізді. Бұл мердігерлік ұйымдарда жұмыс орындарын сақтау кепілі болды. Біз өзіміздің корпоративтік клиенттерімізге виртуалды кеңсеге – қашықтан жұмыс істеуге арналған компьютерлік бағдарламалар жиынтығына жартыжылдық тегін қолжетімділік аштық. Пандемия кезінде дәрігерді үйге шақыру, әсіресе, өзекті болды. Бұл ретте дәрігерлер де, пациенттер де өзін-өзі оқшаулау режимін сақтауы маңызды болды, сол себепті Beeline Doctor Online ұялы қосымшасын жасады. Әрбір қазақстандық тәулік бойы кеңес, дәрігерлердің ұсынымдарын, дәрі-дәрмектерді тағайындауды ала алды.

Beeline 2020 жылғы мамырда Түркістан облысы Мақтаарал ауданындағы су тасқынынан зардап шеккен отандастарына көмектесті. Компания су басқан ауылдардың тұрғындары қоныс тойын тойлаған жаңа Мырзакент шағын ауданындағы 50 үйдің құрылысына 800 миллион теңгеден астам қаржы бөлді.

Әлеуметтік саланы дамытуға инвестициялар тұрғысынан алғанда, Beeline Қазақстан ESG-стратегиясының 4 стратегиялық бағытын жүйелі түрде дамытуды жалғастыруда: жаңа технологиялар мен өнімдердің көмегімен біз өмір сүру сапасын және дамуды, балалар мен ересектерге, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі балаларға білім беруді жақсартамыз, жастарға көмектесеміз, тұрақты даму мүддесінде ҮЕҰ-мен әріптестікті қолдаймыз. 2014 жылдан бастап бүкіл Қазақстан бойынша 25 әлеуметтік ұйым «Шексіз мүмкіндіктер» жобасы шеңберінде Beeline тегін шексіз жылдам интернетін пайдаланады, төрт жыл бойы компания Enactus студенттік цифрлық стартаптарына гранттар бөледі, EMBRAS 2020 халықаралық конкурсында жеңіске жеткен «Жылы жүрек» ішкі волонтерлік корпоративтік бағдарламасы белсенді жұмыс істейді. КӘЖ-ға жоспарланған бюджеттен тыс компания 2020 жылы 1,5 млрд. теңгеден астам қаражат бөлді. Enactus халықаралық студенттік ұйымының ұлттық кеңсесінің жұмысын, студенттер арасында ақшалай гранттар бөле отырып, цифрлық жобалар конкурсын өткізуді қолдағаны үшін Beeline «Платиналы серіктес» номинациясын алды.

«Шексіз мүмкіндіктер» жобасы – Beeline интернеті мен компания жабдықтаған компьютерлік сыныптардың арқасында алты жылдан астам уақыт бойы бүкіл ел бойынша мүмкіндігі шектеулі балаларды емдеу, білім беру, дамыту және бейімдеу орталықтары дәрігерлер мен педагогтарды, оның ішінде басқа елдерді тарта отырып, ата-аналар үшін вебинарлар, шеберлік сыныптарын өткізеді. Пандемия кезінде осы әлеуметтік ұйымдарда біздің аса жылдам интернетіміз өте қажет және сұранысқа ие болды.

Beeline Қазақстан ESG-күн тәртібі аясында энергия тиімділігін арттыруға, тиісті тәсілдер мен технологиялар көмегімен климаттың өзгеруіне қарсы күреске, соның ішінде корпоративтік клиенттер үшін әзірленетін ресурстарды ұтымды пайдалануға, қалдықтармен жұмыс істеуге баса назар аударады.Beeline Қазақстан қызметінің басты басымдықтары корпоративтік басқару тәжірибесі, адалдық, ашықтық және ақпаратты ашудың жоғары стандарттары болып қала береді. 

Барлық мүдделі тараптардың компания қызметінің әлеуметтік және экологиялық аспектілерін басқаруға назарының күшеюі VEON-ның 2020 жылғы жылдық есебінің деректеріне ESG-аспектілерін енгізуге негіз болды. Компания комплаенс-практиканы, тәуекелдерді кешенді басқаруды, жеткізілімдердің жауапты тізбегін және адам құқықтарына назар аударуды дамытуды жалғастырады. Сондай-ақ компанияда пандемия жағдайында қызметкерлерді әлеуметтік қолдау бойынша шаралар кешені әзірленіп, табысты іске асырылды, мүдделі тараптармен өзара іс-қимыл және маңызды тақырыптарды таңдау рәсімдері жетілдірілді.

Поделиться
Класснуть