Жаңалықтар

Басты бет – Жаңалықтар

Орталық Азияда бірінші: Нархоз NFT дипломдарын береді

Нархоз Университеті блокчейн технологиясы негізінде NFT дипломдары платформасын құруға ашық конкурс өткізді.

Жоғары оқу орны өз жұмысында академиялық адалдық, ашықтық қағидаттарын, сондай-ақ білім мен зерттеулердің жоғары сапасына қойылатын талаптарды ұстанады. Нархоз тәжірибесінде NFT дипломдарын қолдану ақылға қонымды және заңға сай. 

NFT дипломдары блокчейн жүйесінде сақталатын және қорғалатын түлектердің метадеректерін қамтиды. Бұл бастама Нархоз Университетінің Бизнес-кеңесінің қолдауына ие болды, бұл оның маңыздылығы мен болашағын растайды. 

Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі (Нархоз Бизнес-кеңесінің қатысушысы) Әсет Тұрысов атап өткендей: 

«NFT дипломдарын енгізу білім беруді цифрландырудың маңызды кезеңі болып табылады. Қазақстан мемлекет пен бизнесті цифрлық трансформациялауда көшбасшы болуға ұмтылады. Цифрлық дипломдарды енгізу дипломдармен алаяқтық әрекеттердің кез келген мүмкіндігін жояды. NFT дипломдарын қолдан жасау мүмкін емес, өйткені олар блокчейн технологиясын қолдана отырып шығарылады. Нархоз Орталық Азиядағы NFT дипломдарын шығаратын алғашқы жоғары оқу орны болатыны қуантады. Университеттің даму серпіні және NFT дипломдарын енгізу сияқты батыл шешімдері оқу орнының ашықтығы мен жариялығын көрсетеді».

Блокчейн технологияларын қолданатын ақпарат кейінгі өзгерістердің барлық мүмкіндігін жоққа шығарады. Бұл жоғары қауіпсіздік пен құжатты қорғауды қамтамасыз етеді. Әрбір NFT дипломы оның қолдан жасалуын болдырмайтын бірегей смарт-келісімшартпен қамтамасыз етіледі.

NFT дипломдарын құру тәжірибесін алғаш рет 2017 жылы Массачусетс технологиялық университеті қолдана бастады. Енді бұл технология Қазақстанда да қолжетімді. 

Нархоз Университетінің президенті Мирас Дәуленов бүгін Нархоз цифрландырудың жаңа кезеңіне қадам басқанын және Орталық Азия кеңістігінде алғаш рет қолдан жасаудан толық қорғалған дипломдарды енгізіп отырғанын атап өтті.

«Біздің университет әрқашан IT-индустриядағы жетекші әлемдік тәжірибелер мен жетістіктерге назар аударады. Біз брендіміздің – білім беру өнімінің (бағдарламалардың) ашықтығы мен жоғары сапасы саясатын ұстанамыз, оны игеру бойынша Нархоз студенттері бұдан былай нотариалды куәландыруды қажет етпейтін цифрлық диплом алады, ал диплом иегері, бағдарлама және оқуды аяқтау жылы туралы ақпарат енді цифрлық дипломға тігіледі. Мұндай дипломды блокчейн технологиясын қолданудың арқасында қолдан жасау немесе өзгерту мүмкін емес», – деп түсіндірді Мирас Дәуленов.

Нархоз президенті атап өткендей, университет цифрлық дипломдармен қатар заңнама талаптарына байланысты Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің банкнот фабрикасында дайындалатын білім туралы құжаттарды беруді жалғастырады. 

Нархоз үшін NFT дипломдарын әзірлеушілер тобы әлемнің үздік университеттерінде озық білім алды және оларды Amazon, Meta, Yandex, Ethereum және Collider Craftworks сияқты компанияларда қолдану мүмкіндігіне ие болды.

«Нархоз тұрақты дамып, әлемнің жетекші университеттерінде қабылданған озық тәжірибелерді қолдануға дайындығы мен жаңашыл үрдістерге бейілдігін білдіреді. Мұны ең озық цифрлық технологиялар мен оқыту әдістері қолданылатын Нархоздың жаңа кампусынан да көруге болады. Университеттің NFT дипломдарын енгізу бастамасы оның басшылығының ашықтығы мен жариялығының, сондай-ақ Нархоз ұсынатын білім сапасы үшін қоғам алдындағы жауапкершілігінің үлгісі болып табылады», – деп атап өтті әзірлеуші компанияның негізін қалаушы Таурат Жанабеков. 

2007 жылдан бастап Нархоз Университетін жүйелі трансформациялаумен «Верный Капитал» компаниялар тобы айналысады, ол академиялық сапаны жақсартуға және инфрақұрылымды жаңартуға ерекше назар аударады. Бұл топтың әлеуметтік инвестициялар бағдарламасына кіреді. Университет коммерциялық емес ұйым болып табылады, оның қызметінен түскен барлық пайда университеттің одан әрі дамуына жұмсалады.

Басқа жаңалықтар: