Жаңалықтар

Басты бет – Жаңалықтар

RG Gold алтын өндіруші компаниясы Нархоз Университетінің инновациялық әзірлемесін енгізуде

Жоба фитоқармау көмегімен ауаның өндірістік шаңмен ластану деңгейін төмендетуге мүмкіндік береді.

Алтын өндірудің заманауи технологиялары өндіріс процесінің қоршаған ортаға әсерін азайтуға мүмкіндік береді. Қазақстанда әзірленген инновациялық технологиялар табиғатқа қамқорлық жасауға көмектесетіні ерекше құнды. Қоршаған ортаға әсерді азайту жөніндегі өз бағдарламаларының бірі шеңберінде қазақстандық RG Gold компаниясы Нархоз Университетінің зерттеулері негізінде фитовегетациялық тосқауылдар жасау жөніндегі инновациялық жобаны енгізеді.

«Табиғи шешімдер саласындағы біздің осы ғылыми инновациямыз адам әрекетінен зардап шеккен экожүйелерді қорғау, басқару және қалпына келтіру үшін табиғи ресурстарды пайдалануға бағытталған. Фитоқармау – бұл инновациялық шешім, себебі ол жасыл технологияны қолдана отырып, ауаның ластануынан халықтың денсаулығына кері әсерді азайтуға бағытталған әдістеме негізінде әзірленген. Бұл жұмыстың жаһандық қолданысқа ие», – деп атап өтті доктор Брендан Дюпрей.

Доктор Дюпрейдің басшылығымен ENVI-Met бағдарламасының көмегімен құрылған фитовегетациялық тосқауыл моделі жасалды. Бұл әдіс ағаштар мен бұталарды ғылыми негізделген отырғызу арқылы ауаның өндірістік шаңмен ластану деңгейін төмендетуге мүмкіндік береді – сол арқылы ауа өнеркәсіптік кәсіпорындар мен автокөліктер шығаратын улы заттардан барынша сүзіледі. Бұл ретте ауаның ластану деңгейін ескере отырып, компьютерлік 3D модельдеу қолданылады, отырғызылатын өсімдіктердің түрлері таңдалады, ластану көзіне дейінгі қашықтық есептеледі. Сондай-ақ фитоқармау процесінің тиімділігін арттыратын басқа факторлар да ескеріледі.

RG Gold компаниясы өндірумен айналысатын Райгородок кен орнында фитовегетациялық тосқауылдарды орналастыру үшін үш әлеуетті алаң анықталды. Таңдау кезінде өндірістік шаң көлемін барынша азайту, сондай-ақ санитарлық аймақтың барлық талаптары бойынша кен орнында жұмыс істеу кезінде ауа сапасы мен жалпы өмір сүру сапасын жақсарту есебінен адамдар үшін артықшылықтар жасау қажеттілігі ескерілді. Жоба бірнеше жыл ішінде жүзеге асырылуы тиіс, барлығы 38 000-нан астам өсімдік отырғызылады.

«Біздің бизнесіміздің ауқымы жыл сайын артып келеді және сонымен бірге біздің жауапкершілігіміз бен компанияның тұрақты даму саласындағы жоғары стандарттарға, соның ішінде қоршаған ортаны қорғау мен аймақтың әл-ауқатын жақсартуға деген ұмтылысы да өсуде. Бүгінде біз өндірістік факторлардың әсерін азайтуға, табиғи ресурстарды тиімді пайдалануға мүмкіндік беретін түрлі жобаларды іске асырып жатырмыз. Фитовегетациялық тосқауылдарды құру бағдарламасы біздің ұзақ мерзімді ESG бағдарламамыз арқылы тұрақты даму мақсатына жетуге бағытталған осындай бірегей жобалардың бірі болып табылады», – дейді RG Gold бас директоры Лоуренс Россоу.

Бұған дейін Нархоз Университеті жанындағы Қазақстанның тұрақты дамуы ғылыми-зерттеу институтының жобасына БҰҰ бес өңірлік комиссиясының бірі – Еуропалық экономикалық комиссияның Су және өнеркәсіптік авариялар жөніндегі бірлескен жұмыс тобы ерекше назар аударған болатын. Сараптамалық кездесу барысында ғылыми әзірлеме қоршаған ортаның ластануын болдырмауда ең үздік деп танылды.

Басқа жаңалықтар: